14.04.2023

«Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңының 30 жыл толуына орай жиын өтті

2023 жылғы 14 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңының қабылданғанына 30 жыл толуына орай «Қазақстандағы 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға ҚР Президенті Архивінің ұжымы және саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдары, ұстаздары, Атырау облыстық мемлекеттік архиві мен Алматы облыстық мемлекеттік архивінің өкілдері қатысты.

Жиынды Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә.Мұстафина ашты. Ол өз сөзінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау туралы» ҚР Заңының 30 жыл ішіндегі құқықтық қамқорлығы мен құжаттарды нормативтік қалыпқа келтіруге қосқан зор ықпалына тоқталып, Тәуелсіздік жылдары 146,5 мың күнәсіз жапа шеккен отандасымыздың есімдері жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шыққанын, Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталғанын айтып өтті. Осы Заңның қабылдануынан бастау алған игі істер Мемлекет басшысының «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясын құру туралы» Жарлығымен жалғасын тапты. ҚР Президент Архивіне еліміздегі құқық қорғау органдарының арнайы мемлекеттік архивтерінен ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргінге қатысты құжаттар қабылданып жатыр. Қазіргі уақытқа дейін жалпы саны 262 143 архивтік іс қабылданса, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 700 мыңға дейін жетеді деп күтілуде.