29.04.2022
Болашақ тарих сақтаушыларға арналған сабақтар
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасында дуальді білім беру туралы Келісімшарт аясында Архивте «Архив ісі және құжаттану» оқу-өндірістік кафедрасы ашылған болатын. Бүгінде бұл мемлекеттік архивте жұмыс істейтін Қазақстандағы жалғыз кафедра. 29 сәуірде Архивте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тарих, археология және этнология факультетінің «Архивтану және құжаттану» мамандығы бойынша оқитын студенттеріне арналған кафедраның тәжірибелік сабақтары қайта басталды. Сабақтар «Цифрлық технологиялар арқылы архив құжаттарының қолжетімділігі» атты жалпы тақырыппен біріктірілді.
Университет магистранттары үшін Архивтік құжаттарды сақтауды қамтамасыз ету, есепке алу және цифрлау қызметінің басшысы Г.О. Бекішева және жоғары санатты архивші Н.Ю. Новикова «Архивтік құжаттарды цифрлық форматқа аудару технологиялары» атты тәжірибелік сабақ өткізді. Құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру қызметінің басшысы Б.Ә. Қасенов «Оқу залындағы архивтік құжаттарға қолжетімділік» тақырыбында дәріс оқыды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, тарих ғылымдарының докторы А.С. Ысқақ «Цифрлық зерттеулер» сабағын өткізді. ҚР Президентінің Архиві кафедра жұмысы аясында бакалавр-студенттерге де, магистранттарға да арналған тәжірибелік және семинар сабақтарын тұрақты негізде ұйымдастыруды жоспарлап отыр, сабақтарды университет оқытушылары мен архив ісі саласындағы мамандар өткізетін болады.