06.02.2023

ХХ ғ. 20-50 жж. саяси қуғын-сүргінге қатысты архивтік материалдармен жұмыс жасау мәселелері бойынша кеңес

2023 жылғы 3 ақпанда Қазақстан Республикасы Президенті Архивінде Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия жұмысын сүйемелдеу жөніндегі Жобалық кеңсенің Мемлекеттік және Өңірлік комиссия мүшелерімен бірлескен жұмыс кеңесі өтті. Жиынға 100-ден аса ғалым-зерттеушілер мен мамандар, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік және Өңірлік комиссия мүшелері, сондай-ақ ІІМ, ҰҚҚ және ҚР Бас Прокуратурасының АрМА өкілдері қатысты. Кеңес онлайн форматта өтті. Жиында Мемлекеттік комиссия жұмысын сүйемелдеу жөніндегі жобалық кеңсе басшысы С.А. Қасымов, Президент Архиві директорының орынбасары Қ.Ш. Әлімғазинов, ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының басшысы Г.Р. Нұрымбетова, Мемлекеттік комиссияның Өңірлік жұмыс топтарының мүшелері Ю.В. Шаповал (Астана қ.), Ж.Н. Сафулин (БҚО), Л.А. Гривенна (СҚО), К.Н. Балтабаева (Алматы қ.), А.К. Ахмет (Атырау қ.), С.С. Исмайлов (Қостанай қ.), Х.М. Тұрсын (Түркістан қ.), Н.Н. Хайруллаев (Маңғыстау), С.З. Маликова және т.б. сөз сөйледі.

Г.Р. Нұрымбетова Арнайы Мемлекеттік архивтерден келіп түскен құжаттардың жағдайына, олардың тозып, ескірген қағаздарда екенін және т.б. мәселелеріне тоқталып, саяси қуғын-сүргін материалдарымен жұмыс жасау тәртібі мен ережелерін еске салды. Архив қызметкерлері мұндай құжаттарды қалпына келтіру, оларды қосымша өңдеу бойынша шараларды жүзеге асыратынын айтты. Мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесінің басшысы С.А. Қасымов отырыс жұмысын қорытындылай келе, АрМА құжаттарын құпиясыздандыру тәртібін жеделдету, бұл көп жағдайда ІІМ, ҚР ҰҚК және Бас прокуратурасының өкілдеріне байланысты екенін атап өтті. Архив директорының орынбасары Қ.Ш. Әлімғазинов архивке құпиясыздандырылған құжаттар тапсырылуы қажет екенін айта келе, бұл өз кезегінде Мемлекеттік комиссия өкілдерінің және осы тақырыпта зерттеу жүргізетін басқа да зерттеушілердің олармен жұмысын жеңілдететінін көрсетті.