01.06.2022
«Саяси қуғын-сүргін: тарих тағылымы және қазіргі заман» форумы өтті
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қатысуымен 2022 жылғы 29-30 мамыр күні, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық жобасы аясында «Саяси қуғын-сүргін: тарих тағылымы және қазіргі заман» (А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай) форумы өтті. Қазақстан Халқы Ассамблеяның жоба бойынша іс-шараларды ұйымдастырудағы тұрақты серіктесі ҚР Президент Архиві Форумға «Ахмет Байтұрсынұлы – мәңгілік тұлға» атты тарихи құжаттық көрмесімен қатысып, ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының басшысы Гүлшат Рамазанқызы Пленарлық отырыста баяндама жасады.
Бұл жоба Қазақстан халқының тарихындағы қасіретті кезең туралы ортақ тарихи зердені сақтау арқылы ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға, қазақстандық патриотизмді, жалпыазаматтық бірегейлікті одан әрі дамытуға бағытталған.
Жоба аясында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың өзекті мәселелері бойынша форум өткізіліп, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтарымен кездесулер, көрмелер ұйымдастырылды. Форум бағдарламасындағы әлеуметтік-мәдени, ғылыми-танымдық және ақпараттық іс-шаралар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтті.
Іс-шараға Қостанай облысының әкімдігі, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві, «Қоғамдық келісім» КММ, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Мемлекет тарихы институты атсалысып қатысып, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, БАҚ, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылары қатысты.