17.03.2022
Даму және жаңғыру
17 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау жүргізілді. Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауы әрбір қазақстандық азамат үшін маңызды. Саяси реформаларды жүзеге асыру қоғам талабына сай және одан әрі демократизация үдерісін дамытуға бағытталған. Архив директоры Ә.Қ. Мұстафина іс-шараның ашылуында Мемлекет басшысының жаңа стратегиялық бастамалары тәуелсіз Қазақстан тарихының межелі оқиғасы және Жаңа Қазақстанның жаңа дәуірінің басталуы деп атауға болатынын айтты. Архив директорының орынбасары Б.Қ. Жұмабеков Жолдаудың негізгі бағыттарын талдап, оның ҚР Президенті Архивінің қызметкерлері үшін маңызын айтты және Мемлекет басшысының әрбір бастамасы бойынша үлгі келтіріп, архив жұмысында қандай өзгерістер болатынына тоқталып кетті.
Бас сарапшы Ә.Т. Сүлейменова елдің өткені мен тарихы сан алуандығында сақталуы үшін Ұлттық архив қоры құжаттары құрамының сапалы жинақталуына назар аудару қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындаудан көп қырлы әсер туындап, саяси құрылымның өзгерістері ел экономикасына және қазақстандықтардың жалпы әл-ауқатының өсуіне оң әсерін тигізетініне Архив директорының орынбасары Қ.Ш. Әлімғазинов назар аударды. Архив қызметкерлері өз сөздерінде Мемлекет басшысының Абай, Алматы және Ұлытау облыстарын құру туралы бастамасына қолдау білдірді. Президент Қ.К. Тоқаев Жаңа Қазақстанды құруда әрбір қазақстандық азаматтың қосар үлесінің маңыздылығын атап өтіп, ел болашағының, оның жаңаруы және тиімді дамуы бүгінгі күні халықтың бірлігі мен ынтымақтастығына байланысты екендігін жеткізді.