23.06.2022
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің даму тұжырымдамасы туралы
Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің кейбір мәселелері туралы» 2022 жылғы 9 ақпандағы № 808 Жарлығына сәйкес ҚР Президентінің Архиві «Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві» республикалық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды. Осы Жарлыққа орай ҚР Президенті Архивінің жаңа ережесі бекітілді. Архивтің уәкілетті органы болып ҚР Президентінің Әкімшілігі белгіленді. Мекеме қызметінің мақсаты – Қазақстан Республикасы Президентінің, оның Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан құрылған мемлекеттік органдардың жинақтау көздерінің – басқа да ұйымдардың қызметін архивтік қамтамасыз етуді ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу және практикалық ұйымдастыру, олардың қызметіндегі іс-қағаздарды Ұлттық архив қорының құжаттары ретінде мемлекеттік сақтауды және мемлекет пен қоғам мүддесі үшін пайдалануды ұйымдастыру болып табылады. ҚР Президенті Архиві директорының 2022 жылғы 21 маусымдағы № 96-Ө бұйрығымен Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің 2035 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы бекітілді http://archive.president.kz/archive/t-zhyrymdama/. Тұжырымдаманың мазмұны Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорының құжаттарын жинақтауын, есепке алынуын, сақталуын қамтамасыз етілуін, пайдалануын анықтайды. Сондай-ақ, Архивті цифрлық форматқа көшіру, оның құжаттану және архив ісі саласындағы ғылыми, әдістемелік және үйлестіру орталығы ретінде қалыптасуы, тасмалдаушылар архивтеу әдіснамасынан қолданбалы болжамдық сипаттағы жаңа ғылыми шешімдер негізіндегі ақпараттық архивтеу әдіснамасына дейінгі қызметтерді инновациялық жобалауы қамтылған.
Тұжырымдама жобасын әзірлеуге Архивтің ұжымы толық қатысып, қызметкерлердің айтқан көптеген ұсыныстары аталмыш құжатқа енгізілді. Тұжырымдамаға енген өзгерістер архивті кешенді дамытуға, ҚР Ұлттық архив қоры құжаттарының сақталуын қамтамасыз етуге, оларды қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік-құқықтық, ғылыми және мәдени мүдделерінде кеңінен пайдалануға бағытталып отыр. Архивтің барлық өндірістік процестерін сапалы сандық трансформациялау мекеме қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Дәл осы цифрландыру архив қызметінің ашықтығы мен айқындығын көрсетіп, халыққа сапалы қызмет етуге мүмкіндік береді. Қазақстанда архив ісі дамыту тұжырымдамасы алғаш рет 2001 жылы «Қазақстан Республикасында архив ісін дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 26 қаңтардағы № 146 қаулысымен қабылданған еді, оны іске асыру үшін Қазақстан Республикасында архив ісін дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды. 2006 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасының архив ісі мен құжаттама жүйелерін дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасы (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 30 қарашадағы № 1153 қаулысы) бекітілді. Осы нормативтік құжаттан кейін отандық архивтерді дамыту бағдарламалары әзірленбеген еді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай құжаттар іргелі ұйымдар мен көптеген саланың дамуы үшін қажет-ақ. Ондағы басты мақсат – одан әрі өркендеу үшін негізгі басымдықтарды айқындап, болашақта атқарылуы тиіс қызметті белгілеу. Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің 2035 жылға дейінгі даму тұжырымдамасының қорытынды бөлімінде Архив жұмысында мәдени құндылықтар мен архив құжаттарына ақпаратқа қол жеткізуге адам құқықтарын қамтамасыз етілуі басым жағдайға ие болатыны айтылған.