27.02.2021

Алғыс айту күні

2021 жылғы 25 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Алғыс айту күніне арналған «Ортақ үйімізде татулық пен келісім» атты тарихи-құжаттық көрме және Дөңгелек үстел өткізілді. Қазақстанда бұл күн – өткен ғасырда Қазақстанға қоныс аударған миллиондаған этнос өкілдері өздерінің екінші Отанына ие болған қазақ жері мен халқына алғыс білдіру күні болып атап өтіледі.
Қазіргі Қазақстан – полиэтникалық мемлекет. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында ұсынған және Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі арқылы іске асырылған ұлтаралық және конфессияаралық келісім моделі өзінің өміршеңдігін көрсетіп, әлемдік қоғамдастықтың қызығушылығын тудырды. Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қалыптастыруға қатысатын маңызды институционалдық органға айналды.

ҚР Президенті Архивінің директоры Ж.Ү. Әбдіқадырова өз сөзінде биылғы жылы Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтіп жатқандығын айтты. Әлем жұртшылығы Қазақстанды қалыптасқан мемлекет ретінде таныды. Біздің экономикалық және саяси жетістіктеріміздің берік іргетасының негізі – халық. Тәуелсіздігіміздің басты байлығы мен басты жетістігі – халқымыз! Біз бүгін біртұтас елміз! Қазақстан – біздің ортақ Отанымыз деген идея қоғамда орнықты.
Дөңгелек үстелге қатысушыларға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Набиев В.Г., Алматы қаласындағы Литва Республикасының Бас консулы Дарюс Виткаускас, Алматы қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Балғымбаев Н.А. құттықтау сөз сөйледі.
Архивтің толықтыру көздері болып табылатын этномәдени орталықтардың басшылары баяндама жасады.
Дөңгелек үстел соңында шығармашыл жастардың «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты суреттерінің тұсаукесері өтті.