18.10.2022
Алматы қаласының метросында «Байқоңыр ғарыш айлағы» көрмесі ашылды
ҚР Президенті Архиві ұйымдастырып жатқан Халықаралық архившілер Конгресі аясында Алматы қаласы «Байқоңыр» метро станциясында «Байқоңыр ғарыш айлағы» көрмесі ашылды. Ресми ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә.Қ.Мұстафина құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде аталмыш шара 25 қазан Республика күні қарсаңында орай ұйымдастырылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанның төрт жетекші архиві де Конгресс аясында Алматы метросында көрмелер дайындағанын тілге тиек етті. Құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру қызметінің басшысы Б.Ә.Қасенов көрмеде Байқоңыр тарихын бейнелейтін 30-ға жуық құжат пен фотосуреттер қойылғанын атап өтті. Олардың қатарында ғарышкерлер Ю. Гагариннің, В. Севастьяновтың, Т. Мұсабаевтың, Ю. Маленченко мен У. Мербольдтың ғарыш кемесімен ұшу алдындағы фотосуреттері және Байқоңыр айлағына қатысты құжаттар бар.
Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары метродағы тарихи-деректі көрмені 2022 жылдың 22 қазанына дейін («Байқоңыр» станциясы) тамашалай алады. Сондай-ақ «Абай» метро станциясында Алматы қаласының мемлекеттік архиві «Қала пейзажының өзгеруі» көрмесін ұйымдастырды, онда Алматы қаласы жылдар легінде қалай өзгергенін байқауға болады. Ал «Б.Момышұлы» станциясында ҚР Орталық мемлекеттік архиві «Бауыржан Момышұлы – Кеңес Одағының Батыры, панфиловшы, жазушы» көрмесін дайындады. Көрмеге Бауыржан Момышұлының ҚР Орталық мемлекеттік архивінде сақтаулы тұрған жеке қорындағы фотосуреттері мен құжаттары қойылды. Ал «Алмалы» станциясында Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві раритеттер көрмесін ұсынады. Тарихи-деректі көрменің ашылуына Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, отандық және шетелдік архившілер, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.