08.06.2022

«Мемлекеттік рәміздер – елдің нышаны» тақырыбындағы дәріс

1992 жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік рәміздері туралы» заңы бекітілді. Содан бері осы күнде Мемлекеттік рәміздер күні дәстүрлі түрде мерекеленіп келеді. Биыл мемлекеттік рәміздердің бекітілгеніне 30 жыл толып отыр.
Мерекелік күнге орай 8 маусымда Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Жас архившілер кеңесі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану және тарих факультетінің студенттеріне дәріс өткізді. «Мемлекеттік рәміздер – елдің нышаны» тақырыбындағы дәрісті құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру қызметінің архивисті А.М. Исаева оқыды. Ол Архив қорында сақталған мемлекеттік рәміздердің дайындалу тарихына қатысты құжаттарға тоқталды.

Архивтегі 1990 жылғы 21 маусымдағы Қазақ КСР халық депутаты, академик М.Қ. Қозыбаевтың Қазақ КСР Президенті Н.Ә. Назарбаевқа мемлекеттік рәміздерді жетілдіру туралы жолдаған хаты, 1990 жылғы 27 тамыздағы Президенттік Кеңестің мүшесі М.Ж. Жолдасбековтің жаңа Елтаңба мен Гимн құру туралы жолдаған хаты, 1992 жылғы 5 наурыздағы Талдықорған облысы Қаракөз совхозының тұрғыны Б. Есенбаевтың мемлекеттік Әнұранды әзірлеу конкурсына қатысу туралы жолдаған хаты сияқты құжаттар студенттер назарына ұсынылды.
Кездесуде мемлекеттік рәміздерді сыйлау әрі оны дәріптеу әр адамның азаматтық борышы екенін қатысушылар ұғынып, патриоттық рухтағы лебіздерін білдірді. Өз кезегінде Архив қызметкерлері студенттерге болашақта мықты маман атанатындарына сенім артып, сәттілік тіледі.