27.08.2022
Ата Заң – қалыптасқан мемлекеттің тірегі
Конституция күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде архив қорының құжаттары негізінде дайындалған «Конституция: бірлік, тұрақтылық, өркендеу» тарихи-құжаттық көрмесі ұйымдастырылды.
Экспозицияда ұсынылған құжаттар өз кезегінде Ата Заң қабылданғанға дейінгі маңызды тарихи оқиғаларды, оның жалпыхалықтық талқылауын, Конституцияны қабылдаған 1995 жылғы жалпыхалықтық референдум туралы, сондай-ақ оған енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы баяндайды. Көрме Архивті таныстыру экскурсиясы аясындағы іс-шараға келген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің өкілдеріне ұсынылды.
Сондай-ақ, көрмені Архивтің қызметкерлері де тамашалады. Архивтің бас сарапшысы Н.Т. Исаева кеңестік кезеңдегі Қазақстанның конституциялары жайлы тоқталып, 1993 жылғы Конституцияның қабылдануы туралы архивтік құжаттарға толық баяндап, 1995 жылғы Конституцияның әзірлену тарихы бойынша қызықты мәліметтермен таныстырды.
2022 жылғы 27 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде ұжымның Конституция күніне арналған салтанатты жиналысы өтті.
Іс-шараны ашқан директордың орынбасары Қ.Ш. Әлімғазинов мемлекеттіліктің Конституциялық ресімделуі – қоғамдық-саяси құрылысты дамытудың маңызды кезеңі екенін атап өтті. Конституцияны қабылдау – бұл тәуелсіздіктің жоғары құқықтық деңгейде орнығуын анықтайтын, мемлекеттің тұрақты дамуын куәландыратын акт деп тоқталып өтті.
Архивтің ғылыми қызметкері А.Т. Жолдасов өз сөзінде әрбір мемлекеттің Ата Заңы болуы тиіс екенін айтты. Барлық тілдерде Ата Заңның жалпыға бірдей танылған атауы – Конституция. 1995 жылы біздің еліміз өзінің басты құжаты – Конституциясын қабылдады, ол елдің барлық заңнамасының негізіне айналды. Конституцияда мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі әрі билікті тікелей республикалық референдум арқылы және еркін сайлау негізінде жүзеге асыратын, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға беретін халық екендігі бекітілген. Конституцияны қабылдау, мемлекеттік рәміздерді, Елтаңбаны, Туды және Әнұранды бекіту, ұлттық валютамыз теңгені енгізу Қазақстан мемлекетінің қалыптасуындағы маңызды кезеңдер болды.
Ағымдағы жылдың 5 маусымындағы республикалық референдумда қабылданған Конституциядағы өзгерістер Жаңа Қазақстанды табысты құру үшін жағдайлар жасауға бағытталған түбегейлі өзгерістердің бастауы болды. Мұндағы саяси және экономикалық реформаларды жаңарту, барлығына бірдей мүмкіндіктер мен тең жағдайларды қамтамасыз ету, тек адамдардың өмірін жақсартуға бағытталған. Бүгінгі таңда халық Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірдің куәсі болып отыр. Біз бұдан былай еліміздің дамуы мен гүлденуі жолында жаңартылған Конституциямен бірге Жаңа Қазақстанды құруға бағыт алдық. Ата Заңын қастерлеген ардақты еліміздің асары көп болғай.