19.05.2022

Архив кітапханасындағы жаңа кітаптар

ҚР Президентінің Архиві кітапханасының қоры Қазақстанның әскери тарихына қатысты кітаптарымен толықты. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 30 жылдығына орай ҚР Президентінің Архиві мен ҚР Қарулы күштері Әскери-тарихи музейінің бірлескен «Вооруженные Силы Республики Казахстан. 1991-2001: сборник документов и материалов» жинағы жарыққа шықты. Аталған жинаққа 100-ден астам архивтік құжаттар ұсынылған, олардың көпшілігі алғаш рет жарияланып отыр. Олардың қатарында: ҚР Президентінің, ҚР Үкіметінің, ҚР Қорғаныс министрлігінің нормативтік құқықтық актілері, Қарулы Күштердің жоғары командалық құрамының ресми хат алмасулары. Архивтік құжаттар Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылуы, қалыптасуы мен дамуы қалай жүзеге асырылғанын баяндайды.

Сонымен қатар, Архив кітапханасы ҚР Қарулы Күштері Әскери-тарихи музейі тарапынан сыйға тартылған «100 имен военных ученых Казахстана: Военно-исторический труд» және Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының «За нами Москва. Записки офицера» кітаптармен толықты. Бұл кітаптарда Қазақстан Республикасындағы әскери-ғылыми қызметтің дамуы, әскери ғалымдар мен олардың Қазақстанның әскери тарихын зерттеуі туралы өмірбаяндық мәліметтері және Бауыржан Момышұлының тікелей өзі қатысқан тарихи оқиғаларды суреттеуі баяндалған. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының кітабы Мәскеу түбіндегі шайқастың 80 жылдығына орай шығарылған. Кітаптармен ҚР Президенті Архивінің оқу залында мына мекен-жай бойынша танысуға болады: Алматы қаласы, Достық даңғылы, 87 Б.