31.08.2022

Қазақстандық архившілер финдік әріптестерімен кездесті

2022 жылғы 29-30 тамызда Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина, Архивтің Цифрландыру және электрондық архивтерді дамыту қызметінің басшысы М.Қ. Қабарова, Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің директоры М.Е. Бектембаев және Алматы қаласы мемлекеттік архивінің директоры А.Қ. Ботанов бастаған қазақстандық архившілердің делегациясы Финляндия Республикасына жұмыс сапарымен барды.
Іссапар бағдарламасын дайындауға Қазақстан Республикасының Финляндиядағы Елшілігінің қызметкерлері белсенді атсалысты. Бұл өз кезегінде қысқа мерзімді іссапарды шараға қатысушы қазақстандықтар үшін және фин тарапы үшін де барынша пайдалы, танымды және жемісті өткізуге септігін тигізді.

Қазақстандық архившілер Финляндия Ұлттық архивінің мемлекеттік органдардан келіп түсетін электрондық құжаттарды қабылдау, сақтау, есепке алу және пайдалану саласындағы жұмыс тәжірибесімен, архив құжаттарын жаппай цифрлау бағдарламасымен, цифрланған қолжазба мәтіндерін автоматты түрде тану технологиясымен, сондай-ақ Финляндия Ұлттық архивінің цифрлық архивтеу тұжырымдамасының негізгі бағыттарымен танысты. Қазақстандық делегацияға Хельсинкидегі Финляндия Ұлттық архивінің тарихи ғимаратындағы архив қоймалары мен оқу залдарына бару арқылы арнайы таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды.
Сапар аясында Финляндия Ұлттық архивінің бас директоры Пяйве Хаппоненмен (Päivi Happonen) кездесу өтті. Кездесу барысында Қазақстан мен Финляндия арасындағы архив ісі саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын, оның ішінде 1917-1964 жылдардағы финдердің КСРО-дағы зерттеу жобасын жүзеге асыру бойынша мүмкіндіктерді қарастырды.