12.04.2022
Қ.И. Сәтбаев және Қазақстанның іргелі ғылымы
Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 20 қазандағы Жарлығына сәйкес, Қазақстанда 12 сәуір Ғылым саласы қызметкерлерінің күні мерекеленеді. Ғылым күнін мерекелеу Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қ.И.Сәтбаевтың есімімен байланысты (12 сәуір 1899 ж. - 31 қаңтар 1964 ж.).
1946 жылы Қазақстан КП ОК (б) мен Қазақ ССР Министрлер Кеңесі, Жоғарғы Кеңес Президиумының бірлескен қаулысымен Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылып, оның бірінші сессиясындағы дауыс беруде бір ауыздан қолдау тапқан Қ.И Сәтбаев академия президенті болып сайланды.
Қ.И. Сәтбаевтың ғылымға басшылық еткен қызмет жолында ұйымдастырушылық қабілеті мен ғалымдық түйсіні артып, республиканы, халықтық шаруашылық пен мәдениетті дамытудың жолдарына нақты бағдар жасай алды.
Ғалымның тағдырында аумалы-төкпелі кезеңдер де болды: 1951 жылдың қарашасында Қазақстан КП ОК бюросының жабық отырысында «академияда буржуазиялық ұлтшылдарды жасырғаны үшін» және «академия кадрларын жат элементтермен ластағаны үшін» деген айыппен Қ.Сәтбаев қызметінен босатылған.
1952 жылдың сәуір айында Қ.И. Сәтбаев Геология институтына қайта оралып, өзіне әлемдік даңқты әкелген еңбегі Орталық Қазақстанның жобалық-металлогениялық карталарын жасауға шындап кіріскен еді. Нәтижесінде, бұл ғылыми зерттеулері үшін Қ.И.Сәтбаев Лениндік сыйлықпен марапатталды.
1955 жылдың маусым айында Қ.И.Сәтбаев Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып қайта сайланып, өмірінің соңына дейін осы қызметті абыроймен атқарды. Ғалым өмірден озғанан кейін, Қазақстан КП ОК мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1964 жылғы 21 наурыздағы қаулысымен Геология ғылымдары Институтына оның есімі берілді.
ҚР Президентінің Архивінде Қ.И. Сәтбаевтың жеке тектік қоры сақталған (Қор 309-НЛ), ол құжаттарды 2014 жылы ғалымның немересі А.В. Третьяков тапсырған болатын.