18.02.2022
ХХ ғасырдың тарихи тұлғалары: Жұмабай Шаяхметов
2022 жылғы 17 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы (1946–1954 жж.), КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар Кеңесінің төрағасы (1950–1954 жж.), мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабай Шаяхметовтың (1902–1966) 120 жылдығына арналған «ХХ ғасырдың тарихи тұлғалары: Жұмабай Шаяхметов» дөңгелек үстелі өтті. Дөңгелек үстелге мемлекет және қоғам қайраткерлері, академиялық ғылым өкілдері, Ж. Шаяхметовтың және оның әріптестерінің жақын туыстары қатысты. Шараның ашылуында қатысушыларға Жұмабай Шаяхметовтың партиялық қызметі барысындағы кезеңін сипаттайтын архив құжаттары негізінде дайындалған тарихи-құжаттық көрме таныстырылды. Дөңгелек үстел барысында Ж. Шаяхметовтың өмірі мен Қазақстан Коммунистік партиясы басшылығындағы қызметіне арналған «Жумабай Шаяхметов. Документы и материалы» (Алматы: «LEM» баспасы, 2022. Құрастырушылар: Ж.Т. Байқаш, М.Т. Жылгелдинов (жауапты құрастырушы), Р.М. Мырзақұлова, С.М. Шайжанова, Р.Р. Шаяхметов) жинағының тұсаукесері өтті.
ҚР Президенті Архивінің директорының орынбасары Қ.Ш. Әлімғазинов өз сөзінде жинақта архив құжаттары, мақалалар мен естеліктер Ж. Шаяхметовтың өмірі мен қызметі баяндалғанын атап өтті. Сонымен қатар жинақтың құжаттары оқырманға өткен ғасырдың 40–50 жылдарындағы Қазақстанның дамуы туралы да жан-жақты ақпарат береді. Құжаттардың кейбірі алғаш рет жарияланып отыр. Құжаттардың көпшілігі ҚР Президенті Архивінің қорларынан алынған. Сонымен қатар Ресейдің бірқатар мемлекеттік архивтерінің, ҚР Ұлттық қаіпсіздік комитетінің Алматы қ. бойынша департаментінің архивінің құжаттары да енген. Құжаттар қызметтік хаттар, баяндау хаттар, ақпараттар, телеграммалар, әртүрлі шаралардағы сөйлеген сөздердің мәтіндері, Қазақстан КП ОК шешімдері мен қаулыларынан тұрады. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов Жұмабай Шаяхметов мемлекет және партия қайраткері ретінде басшыдан қызметіне жан-тәнімен берілу, тәртіп, адалдық талап етілген қатаң сталиндік басқару жағдайында қалыптасқанын атап өтті. Жинақ меценат М.Ж. Сәрсембаевтың демеушілік қолдау көрсетуімен жарыққа шығып отыр. Басылымның таралымы – 2000 дана. Жинақпен Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің кітапханасында танысуға болады.