15.12.2022
Тәуелсіздік күнін ҚР Президенті Архивінде атап өтті
2022 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының және ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшы-ғалымдары қатысты.
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина іс-шараны аша отырып, Қазақстан Тәуелсіздігінің әлеуметтік-саяси тарихы Президент Архивінде сақталғанын атап өтті. Осы себепті жыл сайын біздің Архив қорларына жүгінетін отандық және шетелдік зерттеушілердің саны артып келеді. Бүгінгі таңда Архив тек құжаттар қоймасы ғана емес, бұл мемлекеттілік маңызы бар институттардың бірі болып табылады. Биылғы жылы Архивтің қызметі жаңартылды, жұмыстың жаңа бағыттары дамыды, дәстүрлі өндірістік процестер және т.б. жетілдірілді. Мұның барлығына осы жылдың қазан айында өткен «Ашық қоғамға - ашық Архив» I архившілер конгресінің қатысушылары оң баға берді деп тоқталды. Ол өз сөзінде Архивтің алға қойған жоспарларың жүзеге асыруы архившілердің кәсіби өсуіне және ұжымдық рухына, сондай-ақ біздің қызметімізге және тұтастай алғанда Қазақстанның архив ісін дамытуға кең жұртшылықтың қызығушылығын арттыруға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Архив директорының орынбасары Қ.Ш. Әлімғазинов ел тәуелсіздігі және Алаш көшбасшыларының ойлары мен ұмтылыстарына негізделген ұлттық идеялар туралы қоғамдық пікірлерге шолу жасады. Бүгін біз тағдыршешті өзгерістерге куә болдық. Өткен президенттік сайлау азаматтардың мемлекет жүргізіп отырған бағытын қолдайтынын көрсетті. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өз сөзінде халық алыс болашақта емес, осы жерде және қазір нақты өзгерістерді күтіп отырғанын атап өтті. Билік халықтың сенімін ақтауы керек деп айтып өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында бірінші кезекте қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жаңа бағытты ұсынғанын еске салды.
«Тәуелсіздік» және «егемендік» дегеніміз не, осы ұғымдардың мағынасы мен мәнінің жүгі қандай? Бұл туралы ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Р.К. Қадыржанов айтып берді. Ол сондай-ақ, ел тарихын, дәуірдің ең құнды айғақтарын сақтап отырған Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің маңыздылығына тоқталды. ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Е.Т. Сейлехановтың сөзінде мемлекет дамуының негізгі бағыттары баяндалды. Олар ең алдымен экономика; халықаралық жағдайларға бейімделу; әлеуметтік тұрақтылықты сақтау жолдары; саяси сауаттылықты дамыту, демократиялық принциптер мен халықаралық деңгейде экологиялық мәселелерді шешу туралы айтылды. Архивтің ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының жетекшісі Г.Р. Нұрымбетова өз кезегінде «Желтоқсан айы – ұлттық тарихымыздың жұлдызды айы» деп атап, желтоқсанның Қазақстан тарихындағы көптеген тағдыршешті оқиғалармен байланысты маңыздылығын тізбектеп өтті. Ол 1990 жылдардағы дағдарыстардың қайталанбауы үшін тарихымыздан әрдайым сабақ алып отыруымыз керек деп тоқталды.
Мемлекеттің тәуелсіздігі – ата-бабамыздың орындалған арманы. Тәуелсіздік тағдырдың жай ғана тартуы емес, бұл қанша ғасырлық күрестің нәтижесі. Оны көздің қарашығындай сақтау – біздің болашақ қазақстандық ұрпақтың алдындағы үлкен жауапкершілігіміз деп білеміз.