25.02.2022
Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Алғыс айту күні атап өтілді
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінде Алғыс айту күніне орай этномәдени бірлестіктердің архивтік құжаттарын сақтау мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізілді. Оның жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің толықтырушы көздері болып табылатын этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Алғыс айту күніне арналған дәстүрлі түрде өтетін іс-шараны жаңа форматта жүргізу шешілді, этномәдени бірлестіктердің жұмысын көрсететін архивтік құжаттарын жасау және сақтау әдістеріне баса назар аударылды. Іс-шара арнайы экскурсиядан басталды, онда архив жұмысы, тарихтың сақталуы, архив қоймалары, қағаз құжаттарын цифрлық түрге көшіру, микроүлдірде құжат көшірмелерінің Мемлекеттік сақталу қорын жасау, тарихи-құжаттық көрмемен таныстырылды. Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві 2005 жылдан бастап этномәдени орталықтармен ынтымақтастық құрған. Бүгінде Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің толықтырушы көздеріне 15 республикалық этномәдени бірлестік кіреді: «Филия» Қазақстандағы грек қоғамының қауымдастығы, «Барбанг» күрділерінің қауымдастығы, Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы, Ұйғырлардың ұлттық қауымдастығы, Қазақстандық дүнген қоғамы, «Ахыска» Түрік этномәдени орталығы, Түркімен қоғамдық-мәдени орталығы, «Масис» қазақстандық армян қоғамы, «Возрождение» Қазақстан немістерінің бірлестігі, Қазақстан кәрістер қауымдастығы, Қарашай және балқарлардың «Бірлік» бірлестігі, «Мицва» қауымдастығы, Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі, Болгар ұлттық мәдени орталығы, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы. «Қазақстан Республикасы Президентінің Архивін этномәдени бірлестіктердің құжаттарымен толықтыру ерекшеліктері» дөңгелек үстелінің ашылуында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Құсайынқызы Мұстафина этномәдени бірлестіктермен бірлесе жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Қазіргі уақытта өткен күннің құжаттарын сақтау жүйелі түрде жүзеге асырылады. Архив тұрақты түрде өткізетін семинарлар, курстар, кеңес беру, бірлескен іс-шаралар арқылы құжаттандыру мен құжаттарды сақтау мәселелерінде қажетті әдістемелік көмек көрсетеді. Қазақстан халқының бірегей мәдениеті мен дәстүрлері көрініс тапқан құжаттарды сақтау келер ұрпақ үшін маңызды, сондықтан этномәдени орталықтардың құжаттарын сақтау бойынша бірлескен қимыл зая кетпейді. Қазақстан кәрістер қауымдастығының президенті Сергей Геннадьевич Огай сөйлеген сөзінде ұйымның 30 жылдық мерейтойын атап өткен кезде ақпарат тапшылығымен кездесіп, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қолдауымен газеттер мен отбасылық архивтерден жинағанын айтты. Қазақстан тарихының түрлі қырларын зерттеу үшін құжаттарды жинақтап, сақтауға шақырды. Қазақстан Республикасы Түркімен қоғамдық-мәдени орталығының төрайымы Гульнара Атаевна Аннакулиева Алғыс айту күнімен құттықтап, мәдени зерде бізді бір қазақстандық ұлтқа біріктіретінін жеткізді. Этномәдени бірлестіктердің басшылары Георгий Константинович Иорданиди, Гриф Тимурзагитович Хайруллин, Агали Ниязович Ибрагимов Алғыс айту күнімен құттықтап, елдің қуаты мәдени әралуандықта, ал этносаралық келісімді сақтау – бүкіл қоғамның және әрбір қазақстандықтың парызы деп пікірлерін білдірді. Дөңгелек үстелге қатысушылар архивтік мекемелермен серіктестік мәселелерін талқылап, Қазақстан халқы Ассамблеясының қатысуымен «Халық жобасы» форматында бірлескен қоғамдық маңызы бар іс-шаралар өткізуді ұсынды.