18.08.2022
Болашақ архивші
17 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде «Болашақ архивші» тақырыбында балаларға арналған ақпараттық-танымдық іс-шара өтті. Шара елімізде жарияланған Балалар жылына орай ұйымдастырылып отыр. Мақсаты – балаларға тарихи деректер қалай сақталатынын көрсетіп, архивтің қызметі мен міндеттерін еркін форматта таныстыру, архившілердің күнделікті жұмысын ойын түрінде ұғындыру.
Әуелі балалар ҚР Президенті Архивінің зертханалық корпусына экскурсия жасады. Онда архивтік құжаттарды сақтауды қамтамасыз ету, есепке алу және цифрлау қызметінің басшысы Г. О. Бекішева Архив құжаттарын сақтау, реттеу қалай жүргізілетінін айтып берді. Қазіргі уақытта құжаттарды электронды форматқа ауыстыру қарқынды жүріп жатқаны түсіндіріліп, олар өскен соң зерттеуші ретінде өзін қызықтырған архив құжаттарымен таныса алатынын айтты. Экскурсия кезінде құжаттарды цифрлау үшін пайдаланатын заманауи құрылғыларды көрген балалар таң-тамаша болды. Ал Г.Е. Искакова архив құжаттарына реставрация қалай жасалатынын тәжірибе жүзінде көрсетті. Уақыт өте келе бастапқы сипатын жоғалтқан істерді арнайы тәсілмен қалпына келтірді. Г.Е. Искакова балаларға ескі кітаптарды ұстатып, реставрация жасауды ұсынды. Балалар да өз кезегінде бәрі бірдей қуана кітаптарды дұрыстады.
Екінші бөлімде балаларға Архив қызметкерлері Б.Б. Бейсенбекқызы мен А.Т. Жолдасов арнайы шеберлік сабағын өткізді. Оларға архив қызметкерлері күнделікті істейтін жұмыстарын ойын түрінде жасау табысталды. Бірінші істерді қорапқа орналастыру, кейін істерді нөмерлеу, құжаттарды зерттеу, конверттерді дайындау, соңында архив құжаттарына мөр басу сынды бірқатар жұмыстар тапсырылды. Балалар бұл шеберлік сабағына белсене қатысып, атсалысты. Тіпті, кей балалар «болашақта архивші боламын» деген ниетін білдіріп, қызыққанын жасыра алмады.
«Болар бала бесігінде бұлқынар, болар құлын желісінде жұлқынар» демекші, балалардың көшбасшылық қасиеттерін дамыту мақсатында арнайы танымдық ойындар мен сайыстар ұйымдастырылды. Шара соңында барлық балаға белсенділігі үшін арнайы сертификаттар табысталды. Осылайша, бала өміріндегі қоржын тәтті естелікке толы тағы бір күнмен толықты.