04.06.2022
Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне 30 жыл
2022 жылғы 3 маусымда Қазақстан Республикасы Президенті Архиві мен Музейдің бірлесіп дайындаған «Мемлекеттік рәміздер – елдің нышаны» атты Дөңгелек үстелі мен тарихи-құжаттық көрмесі өтті. Іс-шара мемлекеттік рәміздердің бекітілгеніне 30 жыл толуына орай Алматы қаласы Музейінде ұйымдастырылды.
Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина бүгінгі ұсынылып отырған тарихи–құжаттық көрмеде архивтік құжаттар негізінде мемлекеттік рәміздердің қабылдану тарихымен танысуға болатынына тоқталып өтті. Бұл көрмеде осыдан 30 жыл бұрын «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңының қабылдануы мен Мемлекеттік рәміздердің қалай құрылып және қандай өзгерістерге ұшырағанына көз жеткізе аласыздар. Заңнамалық актілермен қатар кәсіби суретшілер, жекелеген азаматтардың ұсынған символика нұсқаларының әртүрлі эскиздері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері жөніндегі Республикалық комиссия отырыстарының хаттамалары, сараптамалық қорытындылары, фотосуреттері мен хаттары көрмеге қойылды.
- Көрмеге 50-ден астам архивтік құжаттар мен фотосуреттер ұсынылып, экспозицияның бір бөлігі мультимедиялық форматта ұсынылып отыр. Көрме келушілердің көңілінен шығып, патриоттық рухын оятады деген сенімдемін, − деді Әлия Құсайынқызы.
Мемлекеттік рәміздеріміздің ұлттық дәстүрімізбен үндестігін тілге тиек еткен ҚХА мүшесі, қоғам қайраткері, ф.ғ.д., профессор А.Ә. Осман бүгінгі таңда рәміздеріміз қазақ халқының тарихын, мәдениеті мен дәстүрін танытып, бізді әлемдік саяси кеңістікте жаңа ел ретінде паш етіп келеді деп айтып өтті.
Таңбалы тастан тамыр алған Елтаңбамызға қарап әлем халқы бізді таныса, көшпелі көне заманнан киелі болған көк байрағымызбен бізді білді. Ұлттың рухы мен жүрек қалауынан шыққан қасиетті жырымыз – Әнұранымызды естіді. Бұл тереңнен бастау алған құндылықтар бабалардың бізге қалдырған эстетикалық жәдігері, бірлікке ұйытқан көнекөз сәлемхаты деп танимыз.
Көрменің ашылуына Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, архив, мәдениет мекемелері мен Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары және студенттері қатысты.