19.10.2022
«Ашық қоғамға – ашық Архив» тақырыбындағы архившілердің халықаралық бірінші Конгресі өз жұмысын бастады
2022 жылғы 19-21 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Халықаралық архивтер кеңесінің аясында, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Сыртқы істер министрлігі және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласында отандық және шетелдік архив саласы мамандарының, ғалымдардың қатысуымен архив ісін дамытудың нақты қадамдары, түбегейлі өзгерістері мен жүйелі бағыттары талқыға салынатын «Ашық қоғамға – ашық Архив» тақырыбындағы архившілердің халықаралық бірінші Конгресі өз жұмысын бастады. Конгрестің ашылу салтанаты Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ. Тоқаевтың құттықтау сөзінен басталды. Мемлекет басшысы архивтік ақпараттың ұлттық жады мен құндылықтарын сақтаудағы, тарихи және мәдени мұрамызды танымал етудегі маңызы мен рөліне тоқталды.
Сонымен қатар мемлекет басшысы еліміздің дамуы жаңа кезеңге қадам басып, ол барлық саланы, соның ішінде архив ісін де қамтығанын атап өтті. Конгресс архивтерді басқару, сақтау және пайдаланудың өзекті мәселелері бойынша мазмұнды пікірталастар орын алатын сұхбат алаңына айналатынына сенім білдірді. Сөз соңында Президент қатысушыларға жемісті жұмыс пен сәттілік тіледі. ҚР Президенті Архивінің директоры Ә.Қ.Мұстафина Конгреске қатысушыларға алғысын білдіріп, форумның мақсатына тоқталды. Шараның мақсаты – кәсіби қоғамдастықтың өзара әрекеттестігі мен конструктивті сұхбат алаңын құру, тарихи-мәдени, құжаттық мұраны сақтаудың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстарды, шешімдерді талқылау және қабылдау, архивтерді дамытудың инновациялық жолдарын қалыптастыру, жобаларды жүзеге асыру және үздік архивтік тәжірибелерді тарату. Айта кетейік, «Ашық қоғамға – ашық Архив» тақырыбындағы архившілердің халықаралық бірінші Конгресінің жұмысы 21 қазанға дейін жалғасады.