09.09.2022
Архивте Алматыдағы Польшаның Бас консулмен кездесу өтті
2022 жылғы 9 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Алматыдағы Польшаның Бас консулы Юзеф Тымановскимен кездесу өтті.
Польшалық әріптестермен алғаш рет 2017 жылы Гданьск қаласында орналасқан Екінші Дүниежүзілік соғыс музейімен, содан кейін 2018 жылы Поляк халқына қарсы жүргізілген қылмыстарды тергеу жөніндегі Комиссия – Ұлттық естелік институтымен, сондай-ақ Ынтымақтастық және ерлік институтымен архив саласы бойынша достық ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілген болатын.
Кездесу барысында екі жақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Архив директоры Ә.Қ. Мұстафина құрметті мейманның мемлекетаралық достықтың негізгі бір көпірі болып табылатын архивтің құндылығына аса мән беріп қарап жүргеніне және оның арнайы қонақ болып келгеніне алғысын білдіріп, ұжыммен, мекеменің тыныс-тіршілігімен, алдағы мақсат-мүдделерімен қысқаша таныстырып өтті.
Польшаның Алматыдағы Бас консулы Юзеф Тымановски өткен ғасырдағы қазақ-поляк тағдырының тарихына тоқталып, ХХ ғасырдағы қуғын-сүргін жылдарындағы жер аударылып келген поляктарға қазақ халқының көрсеткен қамқорлығына және қазіргі тығыз байланыстағы достығына елшіліктің көзқарасын білдіріп, ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстанда алғаш рет өтетін Архившілер Конгресіне қызығушылық танытып, Польшалық әріптестеріміздің тарапынан үлкен құрамда делегация келе жатқанынан хабардар етті. Бұл халықаралық іс-шараны өткізудің дайындығына атсалысып, өз ұсыныстарын жеткізді. Ол өз сөзінде қай мемлекетте болмасын архивтер демократиялық қоғамымыз бен өткен тарихымыздың таптырмас тірегі болып табылады. Сондықтан, Архивке жанашырлық танытып, мемлекеттік деңгейде қолдау жасау – жалпы адамзат тарихына қолдау жасағанмен тең деп тоқталды. Кездесу соңында Польшаның Алматыдағы Бас консулы Юзеф Тымановскиге Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің оқу залында зерттеушілерге қандай қызметтер көрсетілетіні таныстырылды.