22.06.2022

Архив пен Жобалық кеңсенің бірлескен жұмыс кеңесі өтті

2022 жылдың 22 маусымда Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының ұйымдастыруымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия қызметі жөніндегі Жобалық кеңсемен бірлескен жұмыс кеңесі өтті. Жұмыс кеңесі онлайн форматта өтті. Іс-шара барысында ҚР Президенті архивінің Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелерімен тиімді жұмыс жасау мәселелері қарастырылды. Кеңес жұмысын ашқан Архив директорының орынбасары Қ.Ш. Әлімғазинов Орталық жұмысының бағыттарымен таныстырып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге тоқталды. Жұмыс кеңесі барысында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесінің жетекшісі С.А. Қасымов Мемлекеттік комиссия жұмысында Архив құжаттарының маңыздылығын, комиссия мүшелері үшін арнайы мемлекеттік архивтердің құжаттарының қолжетімділігі мәселесін шешудің жолдарын айтып өтті.

Орталық жетекшісі Г.Р. Нұрымбетова арнайы мемлекеттік архивтерден қабылданған құжаттар мен істер ерекшеліктерін баяндап, жұмыс топтары мен өңірлік комиссиялар мүшелері үшін арнайы мемлекеттік архив материалдарымен жұмысты ұйымдастыру тәртібімен таныстырды. Жұмыс кеңесінде мемлекеттік комиссия мүшелері мен өңірлік комиссия мүшелерін толғандырған өзекті мәселелер сұрақ-жауап форматында талқыланды. Жұмыс кеңесіне мемлекеттік комиссия мүшелері, өңірлік комиссия мүшелері, ІІМ, Бас прокуратураның мемлекеттік архив өкілдері, Президент архивінің қызметкерлері қатысты.