22.12.2022

Ардагер архившілер ҚР Президенті Архивінде бас қосты

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесінде «22 желтоқсан -Архивші күні» болып енді. Кәсіби мерекенің белгіленуі архив саласының рөлі мен беделін арттырып, архившілердің мерейін өсірді.

Осы айтулы күні ҚР Президент Архиві ардагерлерді арнайы шақырып, мерекемен құттықтады. Олардың қатарында ұзақ жылдар Президент Архивінде жұмыс істеп, еңбегі сіңген Т. Абилова, Б. Жапаров, Р. Ерошкина, К. Ибрагимова, Б. Иманбаева, А. Ипмагамбетова, Г. Карпыкова, Ж. Мажитова, Ж. Мақұлбекова, К. Медуханова, Қ. Мурзанов, Р. Онгарбекова, А. Остякова, В. Печерских, Р. Имаммединова, Р. Самарина, Д. Суйнишев, Н. Химченко, В. Чупров, Л. Шепель бар. Құрметті қонақтар Архивте қызмет еткен жылдардағы естеліктерімен бөлісіп, әріптестеріне тілек-ниеттерін жеткізді.

Салтанатты жиынды ҚР Президент Архивінің директоры Ә. Мұстафина ашып, ардагер архившілерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Сондай-ақ Архивтегі атқарылған жұмыстардың нәтижесі мен алдағы мақсаттары жайлы сөз қозғады. Жиын соңында архив ісіне елеулі үлес қосқан зейнеткерлер А. Ипмагамбетова, З. Хашимбаева және Архив қызметкерлері Ж. Сатаева мен Ж. Зейнелов «Архив саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Айта кетейік, 1998 жылы 22 желтоқсанда елімізде тұңғыш рет Ұлттық архив қоры жайлы Заң қабылданған болатын. Бұл ел игілігіндегі құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, асыл мұраларды болашақ ұрпаққа қаз-қалпында жеткізілуі, әрі зерттелуі үшін жасалған маңызды қадам болды.