31.05.2022

1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ақтау

2022 жылғы 31 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты – ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстанда болған саяси қуғын-сүргін және ашаршылық тарихын зерделеу, саралау. Әуелі келген қонақтар мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойып, жазықсыз құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Жиналғандарға Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы – мәңгілік тұлға» тарихи-құжаттық көрмесі ұсынылды. Дөңгелек үстелдің жұмысын ашқан ҚР Президенті Архивінің директоры Мұстафина Әлия Құсайынқызы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесімен бірнеше жобалар бойынша тығыз байланыста жұмыстар атқарып жатқанын атап өтті.

Жиынның модераторы ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор Әбжанов Ханкелді Махмұдұлы қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау ата-бабаларымыздың алдындағы борышымыз екенін тілге тиек етті. «ХХ ғасырдың соңында еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді. Енді жаңа, әділетті Қазақстанды құру үшін алдымен заңсыз қуғын-сүргін көргендерді толығымен ақтап алу керекпіз. Қуғын-сүргінге ұшырағандар әлі де абақтыда жатыр. Себебі құжаттар ашылмай, қолға еркін тимей оларды абақтыдан шықты деуге болмайды. Тарихтың ақтаңдақ ақиқатын қалпына келтірсек қана борышымызды атқардық деп айта аламыз», ̶̶ деді Х.М. Әбжанов. Дөңгелек үстелге көрнекті ғалымдар, тарихшылар, Президент Архивінің ұжымы, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушылары мен студенттері қатысты.